36 жастағы Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Бұл менің соңғы Америка кубогым ба? Иә, Америка кубогы, иә.

2026 жылғы әлем чемпионатына қатысу туралы айтатын болсақ, онда бәрі істің қалай жүретініне байланысты, біз біртіндеп қозғалуымыз керек. Қазіргі уақытта менде бәрі жақсы», - деп келтіреді Мессидің сөзін RMC Sport.

Естеріңізге сала кетейік, келесі Америка кубогы 2028 жылы өтеді деп жоспарланған.

Бүгін, 21 маусымда Америка кубогы-2024 топтық кезеңі 1-турының матчы өтіп, онда Аргентина құрамасы Канаданы 2:0 есебімен жеңді. Бұл кездесуде Месси шабуылшы Лаутаро Мартинеске нәтижелі пас берді.