Футболдан Америка кубогын Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы жеңіспен бастады. Олар алғашқы турда Канададан 2:0 есебімен басым түсті.

Кездесу барысында аргентиналық құрамадан Хулиан Альварес 49-минутта есеп ашса, Лаутаро Мартинес 88-минутта мергендік танытты.

Аталған ойында әлем футболының жұлдызы Лионель Месси нәтижелі пас шығарып берді. Ол аталған турнирде 35 ойын өткізіп, рекорд орнатты.

Айта кетсек, ол — Америка кубогында жетінші мәрте қатарынан қатысып жатқан аргентиналық алғашқы футболшы.

Аргентина құрамасы Америка кубогында он бес мәрте чемпион атанған. Дәл осындай көрсеткіш Уругвай еншісіне де бұйырып тұр.

2021 жылы өткен Америка кубогында Аргентина кубокты төбесіне көтерген еді.

Биыл Америка кубогы 20 маусым мен 14 шілде аралығында АҚШ-тың 14 қаласында өткізіледі.