Алматыда шахматтан жасөспірімдер арасындағы 26-шы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстанның үш жас шахматшысы – Ақнұр Мамақова, Сәтбек Ахмединов және Алуа Нұрман блицтен алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Блиц – бірқатар шахматшылар үшін өздерінің жоғары дәрежесін растаудың тағы бір мүмкіндігі, ал басқалары үшін рапидтегі (жылдам) және классикалық ойындағы сәтсіздіктер үшін өзін қалпына келтіру. G12 санатында қазақстандық Ақнұр Мамақова осыны тамаша стильде көрсетті.

Ол рапидте 14-інші, ал классика бойынша 4-орынға ие болып, қосымша көрсеткіштерде қоладан айырылды. Бірақ блицте қатарынан сегіз ойында қарсыластарын қапы қалдырып, мәреге бір тур қалғанда, чемпиондық атақты қамтамасыз етті.

Алматыдағы кептеліске байланысты бірінші турға кешігіп қелгеніне қарамастан, Алуа Нұрманға алтын медаль бұйырды. Қалған сегіз ойынның жетеуінде жеңіске жеткен рейтинг фавориті рапидтегі қола жүлдеге блиц бойынша алтын қосты.

18 жасқа дейінгі санатта Сәтбек Ахмединов (2130) барлық фавориттер – Александр Хрипаченко (2404), Аманмұхаммет Хоммадов (2312), Алдияр Аңсатты (2403) және Эльдияр Орозбаевты (2339) ұтып, соңғы турда үндістандық, халықаралық шебер Харш Сурешпен тең ойнады.

Осы турнирге дейін уақытша бақылаулардың ешқайсысында рейтингіде орны болмағанымен, шеберлікке үміткер атағын алған 10 жасар моңғол Ананд Цогтбилэгті айтпай кету мүмкін емес. Мұнда ол классикадан қола жүлдегер атанса, блицтен чемпион атанды.

Блицтен 10 елдің жас шахматшылары жүлдеге қол жеткізді. Ең көп алтынды Қазақстан құрамасы алды. Сондай-ақ жас шахматшыларымыздың қоржынында блицтен 2 күміс, 2 қола медаль бар.

Басқа елдердің медаль саны жөнінен көрсеткіштері мынадай: ФИДЕ туы астында Ресей – 2-1-6, Вьетнам – 1-2-2, Үндістан – 1-2-1, Қытай – 1-2-0, Иран – 1-1-0, Қырғызстан – 1-0-0, Моңғолия – 1-0-0, Филиппин – 1-0-0 және Өзбекстан – 0-2-1.