Қарағандыда «Шахтер» ФК қызметкерлері жалақы және сыйақыға байланысты қарыздардың салдарынан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке хат жолдады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
«2015 жылғы футбол маусымын «Шахтер» ФК қаржылай проблемалармен бастады, өйткені 2015 жылға арналған бюджет жыл басында-ақ ысырап болды. 2015 жылдың мамыр айына дейін клуб қызметкерлері жалақылары мен сыйақыларын уақытында алып отырды. Алайда мамыр айынан кейін ақша таусылды. Бүгінде клуб қызметкерлеріне 2015 жылдың шілде айынан қарыз. 2015 жылдың соңына дейін бұл борышты өтеу үшін  шамамен 700 млн. теңге керек», - деп жазылды аймақ басшысына арналған хатта.
 
2015 жылы клубқа бөлінген қаржының бір бөлігі 2014 жылдың қарызын жабуға кеткені хабарланды. Хат авторларының деректеріне қарағанда, 2016 жылға «Шахтер» ФК басшылығы 900 млн. теңге көлемінде қаржыландыруды сұрап отыр. Хат авторлары облыс әкімінен клуб қызметіне қаржыға байланысты тексеріс жүргізуді сұрайды. 2015 жылы облыс бюджетінен «Шахтер» ФК 2 млрд. теңге бөлінді.
 
Биылғы маусымда қарағандылық футболшылардың көрсеткіші нашар. Олар ҚР чемпионаты кестесінде 11-ші орында.