Сейсенбі, 18 маусымда Ньон қаласында (Швейцария) 2024/25 жылғы Еурокубок маусымы бірінші іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Жеребеде «Ордабасы», «Тобыл» және «Ақтөбенің» қарсыластары анықталады.

Шымкенттік команда Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінің 3-тобына түсті. Александр Седнев шәкірттері еленбеген команда саналады. Жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады, оны мына жерден көруге болады.

Ықтимал қарсыластары: «Лудогорец» (Болгария), «Стяуа» (Румыния), «Петрокуб» (Молдова) және «Пюник» (Армения)

«Тобыл» Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Қостанайлық ұжым еленген команда саналады. Жеребе тару рәсімінің тікелей трансляциясы сағат 18:00-де басталады, оны мына жерден көруге болады.

Ықтимал қарсыластары: «Эльфсборг» (Швеция), «Корвинул» (Румыния), «Ботев» (Болгария), «Зиря» (Әзербайжан), «Ружомберок» (Словакия) және «Лапи» (Косово).

Ал ақтөбелік клуб Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде 3-топқа түсті, Дмитрий Парфенов шәкірттері еленбеген команда болды. Тікелей трансляция сағат 19:00-де басталады, оны мына жерден көруге болады.

Ықтимал қарсыластары: «Динамо» Тбилиси (Грузия), «Партизани» (Албания), «Милсами» (Молдова), «Сараево» (Босния және Герцеговина) және «Урарту» (Армения).

Айта кетейік, елордалық «Астана» Конференция лигасындағы жорығын екінші іріктеу кезеңінен бастайды.