17 маусым күні Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік-сараптамалық комиссиясы мен Төрешілер комитетінің онлайн жиыны өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төрешілік-сараптамалық комиссия QFL Премьер-лигасының 2024 жылғы маусымының 11-турындағы «Астана» мен «Ордабасы» командалары арасында тіркелген даулы эпизодты талқылады.

Төрешілік-сараптамалық комиссия бейнематериалдарға сүйене отырып, бірауыздан келесі шешімді қабылдады:

– Төреші Артем Кучиннің матчтың 34-минутында қарсыласын арқасынан итеріп жібергені үшін «Ордабасы» командасының қақпасына пенальти белгілемеу туралы шешімі қате деп танылсын.

Төрешілер комитетінің отырысында бір маусымда бір командаға қарсы жіберілген екі шешуші қателіктен кейін Премьер-лиганың төрешісі Артем Кучинді (Қарағанды) жылдың соңына дейін ҚФФ өткізетін барлық деңгейдегі матчтардан шеттету туралы шешім қабылданды.