Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина 17-23 маусымда көгал төсенішінде өтетін Берлин (Германия) WTA 500 турнирінде бақ сынайды.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Қазақстанның көшбасшы теннисшісі бірден екінші айналымнан бастайды.

Е.Рыбакина қос ресейлік, әлемнің 15-ракеткасы Людмила Самсонова немесе рейтингіде кезінде 9-орынға дейін көтерілген, қазір 34-сатыдағы Вероника Кудерметованың қай жеңгенімен кездеседі.

Бұлардың екеуі де осал шағылатын жаңғақ емес. Әсіресе, 16 маусым күні Хертогенбосх (Нидерланд) WTA 250 додасының финалында 2019 жылғы АҚШ чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 228-орында тұрған канадалық Бьянка Андреескуді 4:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіп, чемпион атанған Л.Самсонованың қарқыны қатты.

Берлин жарысының биылғы жүлде қоры — 922 573 АҚШ доллары. Мұнда чемпион атанған теннисші 142 мың доллар табыс тауып, 500 рейтингілік ұпайға ие болады.

Берлин додасына әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек және биыл сенсация жасап, Ролан Гарростың финалына дейін жеткен италиялық Ясмин Паолини қатыспайды. Есесіне Кори Гауфф (АҚШ), Арина Соболенко сияқты мықтылар жетерлік. Өткен жылы Елена Рыбакина екінші айналымнан аса алмаған еді.

Е.Рыбакина Берлиннен кейін Ұлыбританияға сапар шегіп, Истборн мен Уимблдонда өнер көрсетпекші. Қазақстандық теннисші 2022 жылы Уимблдон чемпионы атанғаны белгілі. Сондықтан оның алдағы көгал төсенішіндегі жарыстарды сәтті өткізгені маңызды. Содан кейін Париж олимпиадасы қыр астында тұр.