Германияның Ішкі істер министрі Нэнси Фезер Bild порталына берген сұқбатында Украина футбол командасы үшін Еуропа чемпионаты кезінде арнайы қауіпсіздік шараларын қарастыратынын жеткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Құрлықтық біріншілік Германияда еліміздің уақыты бойынша 14 маусымнан 15 маусымға қараған түні басталады. Соның ішінде Украина құрамасы 24 қатысушының бірі саналады.

"Әрине, бұл команда ерекше қорғауда. Бұл біз үшін ерекше сынақ және біз олар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындалып жатырмыз", - деді Фезер.

Сондай-ақ министр террористік қауіптің деңгейін жоғары деп атады. Алайда Фезердің айтуынша, алаңдауға "нақты себеп" жоқ.

"Қауіпсіздік - біздің басты міндетіміз. Бірнеше жыл бойы полиция барлық мүмкін оқиғаларға дайындалды. Әрине біз исламистік шабуылдардың, қатыгез бұзақылар мен жанкүйерлер арасындағы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ кибершабуылдардың қаупін көріп отырмыз", - деді Фезер.