Қазақстандық теннисші, әлемнің 135-ракеткасы Михаил Кукушкин Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемнің 141-ракеткасы, америкалық Патрик Кипсонды жарыс жолынан тайдырды. Нақтырақ айтқанда, Кукушкин 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта қарсыласын 6:7 (3:7), 7:5, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірді.

Михаил екінші айналымда әлемнің 127, осы жарыстың 4-ракеткасы, франциялық Гарольд Майодан айласын асырды - 7:6 (7:3), 6:3.

Бір сағат 36 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Майо 15 эйспен ерекшеленді.

Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 183-ракеткасы, Ұлыбритания өкілі Билли Харрис немесе рейтингіде 224-орындағы бразилиялық Жуан Фонсеканың қай жеңгенімен таласады.