Нысана көздеуден Қазақстан командасының бас бапкері Ольга Довгун Олимпиадаға іріктеу кезеңінің аяқталғанын айтты, деп жазады Olympic.kz.

«Біз жаңа олимпиадалық цикл басталғаннан бері тынбай еңбек еттік. Олимпиада жолдамасы әлем чемпионаты мен екі Азия біріншілігінде сарапқа салынды. Сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінде өткен рейтингілік әлем кубогінің 5 кезеңіне қатыстық.

Бәрінде де ұпай жинап, жақсы өнер көрсетуге тырыстық. Жақында Халықаралық федерациядан хат келіп, Ирина Юнусметованың жолдама алғанын хабарлады.

Негізі, тағы бір лицензия болатынын білдік. Өйткені, Ирина бірде-бір жарыстан қалмай, әлем кубогі кезеңдерінде тұрақты түрде финалға шығып жүрді. Енді Олимпиадаға аз уақыт қалды.

Жақын арада Парижге баратын толық құрам анықталады. Біздің мергендеріміз алты жолдама жеңіп алып отыр. Бұл өте жақсы, тіпті, тарихи көрсеткіш. Себебі, бұған дейін нысана көздеуден Қазақстан командасы сапынан алты адам Олимпиадаға лицензия алмаған», - дейді Ольга Довгун.