Бұған дейін қаржы бөлінбеуіне байланысты «Ақжайық» футбол клубына жабылу қаупі төніп тұр деген ақпарат тараған болатын. Осыған орай БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин жауап берді.

Басқарма басшысы мәлім еткендей, қазіргі кезде ел чемпионатында бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген «Ақжайық» футбол клубына жоспарланған қаражат (400 млн теңге) екі себептен бөлінбей отыр.

Жеңіс Нығметуллиннің сөзіне қарағанда, біріншіден, өңірде болған су тасқыны зардаптарын жоюға байланысты қаражат қайта бағдарлануы мүмкін.

Екіншіден, «Ақжайық» футбол клубы құрылтайшысының жұбайына қатысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр.

«Біз қаражатты мемлекеттік сатыпалым арқылы ойнатып, „Ақжайық“ клубына беретін болсақ, қаржының діттеген жерге жетпеу қаупі бар. Қылмыстық істің қалай аяқталатынын білмейміз. Егер мемлекетке залал келтірілген болса, оны өтеу үшін айыпталушының жақын-жуықтарының есепшотына тыйым салынады. Оған қоса су тасқыны зардапдарын жою мақсатында шара қабылданып жатыр. Бірақ „Ақжайық“ футбол клубына қаралған қаражат басқарма есебінде тұр, ешқайда кеткен жоқ. Тек осы екі себептен уақытша тоқтатылып тұр», -деді Ж.Нығметуллин.

Басқарма басшысы өңірде футболды тұншықтыру көзқарасы жоқ екендігін, қайта дамыту басты мақсат екендігін мәлімдеді.

«Өйткені футбол — миллиондардың ойыны. Оған қызығушылық біздің облыста да жоғары. Бір ғана мысал — 25-тен астам жеке футбол мектептерінде 2 мыңнан астам балалар ақылы түрде жаттығуда. Оған қоса мың жарымнан астам бала футбол әліппесін тегін үйренуде. Сонымен қатар „Ақжайық“ клубының футбол академиясында 110-нан астам бала төрт жас ерекшелігіне қарай жарыстарға қатысуда. Осы академияны қолдайтынымызды айтып, бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясымен келіссөз жүргіздік. ҚФФ және УЕФА-ның өз талаптары бар. Тіпті „Ақжайық“ футбол клубын чемпионаттан алып тастаған жағдайдың өзінде біз оның құрамындағы академияны сақтап қалу мүмкіндігін қарастырамыз. Тек академия шәкірттерінің жарыстарға қатысуы үшін қаржылай қолдау көрсетуге „Ақжайық“ футбол клубы басшылығының келісімі керек», -деді Ж.Нығметуллин.

Басқарма басшысы «Ақжайық» стадионы 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгенімен, келісімшартта көрсетілген талаптар орындалмағандықтан, сот шешімімен мемлекетке қайтарылғанын жеткізді.

«Алдағы уақытта стадионға жөндеу жүргізу үшін тиісті есеп жасалып, бюджеттік өнім беріледі. Стадион мемлекет қарамағында болғанымен, „Ақжайықтың“ Оралдағы ойындарын өткізуге еш кедергі келтіріп отырған жоқпыз. Жуырда „Ақжайық“ өз алаңында „Каспийді“ қабылдаса, алдағы ойынын да осы стадионда өткізеді», -деді Ж.Нығметуллин.