Украинаның Ұлттық Олимпиада комитеті төрт спортшыны 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан шеттетуге шақырды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Мұндай өтінішке еркін күрес шебері, ресейлік Динара Кудаеваның әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған. Оның әкесі Украина жерінде Ресей жүргізіп жатқан соғыста қаза тапқан екен. Желіде спортшы әкесін еске алып, оны батыр деп жазған.

Ал, аталған жазбаға тағы екі ресейлік спортшы – Ольга Хорошавцева мен Наталья Малищева қолдау білдіріпті.

Сонымен қатар, Украинаның Ұлттық Олимпиада комитеті былтыр Беларусь президентінің ұлы Виктор Лукашенкомен бірге іс-шараларға қатысқан Ирина Курачкинаны жеке мәртебесінен айыруды талап етті.

ХОК бұл талаптарды қаншалықты қанағаттандыратыны әзірге белгісіз. Онсыз да Ресей мен Беларусь спортшылары Олимпиадаға бейтарап ту астында қатысқалы жатыр. Олар жеңген жағдайда әнұранын да шырқай алмайды.