Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған боксшылар Нұрбек пен Айбек Оралбай 24 жасқа толды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Нұрбек пен Айбек Оралбай 2000 жылы 11 маусымда Астанада дүниеге келген. Екеуі де бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ағайынды спортшылар күрес үйірмесін іздеп жүріп боксқа кездейсоқ тап болған. "Әкем күреспен шұғылданған соң, біздің де балуан болғанымызды қатты қалаған болуы керек. Сыңарым Нұрбек екеумізді Астанадағы "Алатау" спорт кешеніне ертіп апарды. Күрес үйірмесін іздеп жүргенде кездейсоқ бокс жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа жолығып қалды. Ол кісі егіз баланы тәрбиелеп, чемпион етіп шығаруды армандап жүргенін айтып, бізді әкемнен сұрап алды. Осылайша, күрес үйірмесін іздеп жүріп боксқа кездейсоқ келіп қалдық", - деді Айбек Оралбай.

Айбек Оралбай – Азия чемпионы (2022), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы (2019, 2020, 2021), жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы (2018), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018), жастар арасындағы Азия чемпионы (2018).

Ал Нұрбек Оралбай – әлем чемпионы (2023), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2022), Қазақстан чемпионы (2021), Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2020), жастар арасындағы әлем чемпионы (2018), жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2018).

Қос боксшы наурызда Италияның Бусто Арсицио қаласында өткен әлемдік лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған еді.