Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының бірқатар ойыншылары елордалық «Барыс» командасымен келісімшарт мерзімін ұзартты.

Қазақстан құрамасының капитаны Роман Старченко алдағы жылы да «Барыс» сапында ойын көрсетеді. Хоккейші елордалық клубпен жаңа келісімшартқа қол қойды.

Екіжақты келісім бір жылға есептелген. Форвард өткен маусымда бір команда құрамындағы ойын саны (483 кездесу) жөнінен ҚХЛ рекордын орнатты.

2024 жылғы әлем чемпионатында Роман Старченко 7 кездесуде 5 (3+2) балл жинап, құраманың үздік бомбардирі атанды.

Елордалық клуб Қазақстан құрамасының шабуылшысы Әлихан Әсетовпен де келісімшарт мерзімін ұзартты. Екіжақты келісім бір маусымға есептелген.

Ол биыл әлем чемпионатына ұлттық құрама сапында алтыншы мәрте қатысты. Дүбірлі додада 7 матчтың барлығында ойнады. Нәтижесінде гол салып, нәтижелі пас берді.