Мерген Константин Малиновский Мюнхенде өтіп жатқан Әлем Кубогының шешуші кезеңінде финалға шықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ол 50 метрге 3 позицияда винтовкамен нысана көздеудің іріктеуде 593 ұпай жинап, 5-орын алды. Ертең Константин ақтық сында жүлдеге таласатын 8 адамның арасында. Малиновский кеше алғашқы іріктеу айналымында 585 балға ие болып, 140 спортшының арасынан таңдаулы 70 атлеттің қатарына қосылған.

«Кеше алғашқы іріктеуге қатысқан 140 спортшының арасынан негізгі кезеңге шықтым. Бүгін бәрі өзім ойлағандай өтті. Бір ай бұрын Риодағы кезеңде 593 ұпай жинап, Қазақстан рекордын тіркегенмін. Бағана сол көрсеткішімді қайталадым. Ертеңгі финалға дайынмын»,-деді ол іріктеуден кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Константин бір ай бұрын Рио-де-Жанейрода өткен Әлем Кубогында финал,а жетіп, 5-орын алған (50 м). Сондай-ақ ол былтыр Джакартадағы кезеңде күміс жүлдеге қол жеткізген (10 м). Бұдан бөлек былтыр Оңтүстік Кореяда осы жаттығуда (50 метр) Азия чемпионы атанған.