Испаниялық «Реал Мадрид» футбол клубының ойыншысы Лука Модрич қазақстандық жасөспірім спортшыларға сәлем жолдап, жақында Қазақстанға келетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Sport Plus Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Лука Модрич «Ордабасы» және «Оңтүстік» академиясының жасөспірім ойыншыларымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесті.

38 жастағы әйгілі футболшы әңгіме барысында қазақша сөйлеп, «Алға, Шымкент!», - деді. Сондай-ақ, ол жақында Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ал жасөспірім футболшылар Модричке алғыс айтып, Чемпиондар лигасын жеңіп алуды тіледі.

Лука Модрич «Реал Мадрид» сапында 2012 жылдан бері ойнап келеді. Футболшы осы маусымда 44 матқа қатысып, 2 голмен және 8 нәтижелі паспен көзге түсті.

1 маусымда «Реал Мадрид» футбол клубы Чемпиондар лигасының финалында дортмундтық «Боруссияға» қарсы ойнайды. Бұл матч Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтеді.