Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше ұлттық спорт федерацияларының атынан шыққан боксшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға жіберілмеуі мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан – халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі. Ал аталмыш ұйымды, яғни IBA-ны ресейлік маман Умар Кремлев басқарады. Әлеуметік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, IBA-ға Токио және Париж ойындарына іріктеу жарыстарын өткізуге рұқсат берілмеген. Енді IBA жұмысының ашық еместігіне байланысты қазіргі уақытта бокс 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына қосылмаған.

"Олимпиадалық боксқа сенімді, жақсы ұйымдастырылған халықаралық федерация керек. IBA құрамына кіретін кез келген боксшы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына қатыса алмайтыны қазірдің өзінде белгілі болды. Өзін құрметтейтін Ұлттық Олимпиада комитеті мұндай бокс федерацияларын өз мүшелігінен шығаруға міндетті", - делінген хабарламада.

IBA Олимпиадалық турнирді ұйымдастыруға қатысы болмаса да, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық беретінін айтты. Жалпы жүлде қоры 3,1 миллион доллардан асады. Бұл қаржы 100-ден астам боксшыға бөлінеді.