күрестен 2 қазақстандық төреші қызмет етеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Алғашқысы – Ерік Жұмабеков. Ол 1973 жылы 23 ақпанда қазіргі Абай облысында дүниеге келген. «Халықаралық төреші» категориясын 2009 жылы алған. Оған дейін 10 жылдай тек елішілік жарыстарда жұмыс істеген.

«Парижге іріктеу 2 кезеңге созылды. Алғашқысы былтыр Астанада өткен Азия чемпионаты болса, соңғысы Белградтағы әлем чемпионаты. Сербияда әлем мамандары жасыл, сары және қызыл түсті санатқа жіктелген. Игорь екеуміз сол кезде жасыл категорияға кіргенбіз. Ал биыл Бішкек пен Ыстанбұлдағы іріктеу турнирінде де жұмыс істеп, тағы сыннан өттік. Әсіресе, Түркияға таңдалған 70 маман шақырту алғанын айта кету керек. Парижге баратын нұсқаушылармен қоса есептегенде 50 төреші осының арасынан анықталды. Биыл Олимпия ойындарында алғаш рет елімізден 2 адам барып, кілемде қазылық етеді. Алда дәл осылай нұсқаушылар да қосылып барып жатсақ, біздің палуандарға зор көмек болмақ»,-деді Ерік Жұмабеков.

Екіншісі – Игорь Лигай. Ол 1985 жылы 7 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Жапония астанасында өткен жазғы ойындарға барып, жұмыс істеген.

«Олимпиада спортшылармен қатар біз үшін де маңызды, шоқтығы биік жарыс. Сол жарыста жақсы жұмыс істеуге барымызды саламыз. Елімізден алғаш рет 2 төреші баратынына қуаныштымыз. Осыдан 3 жыл бұрын Токиода Олимпиаданың әсері мүлде бөлек, деңгейі жоғары екенін сезінгенмін. Әр ойын кезінде күресте үздік төреші анықталып, «Алтын ысқырық» деп аталатын арнайы жүлде табысталады. Ерік Оралұлы екеуміз осы сыйлықты алуға тырысамыз. Кейінгі 2 жылда жан-жақты, қатал іріктеуден өттік. Еңбегіміздің осылай ақталғанын қалаймын. Көпшілік бұған таңғалуы мүмкін, шынында, Олимпиада және әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарда ұйымдастырушылар жүріп, тұру шығынын мойнына алады. Одан бөлек жұмысымыз үшін ақы/үстемақы төленбейді»,-деді Игорь Лигай Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.