Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатын үздік бестікте аяқтады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Олимпиаданың 2 дүркін жүлдегері кіші финалда жастар арасындағы әлем чемпионы, бір ай бұрын Гонконгта Азия чемпионы атанған жапон Таики Накамурадан ұтылып қалды.

Сметов күндіз іріктеуде Вьетнам, Оңтүстік Корея, сосын Бразилия сплртшысынан үстем болды. Алайда ширек финалда Аюб Блиевке қосымша уақытта (golden score) есе жіберді. Ширек финалда Янг Ю Веймен (Қытайдың Тайпейі) белдесуде тыйым салынған әдіс қолданған француз Валадье Пикар чемпионаттан шеттетіліп, Елдос қола үшін белдесуге мүмкіндік алған.

Еске сала кетейік, Елдос – қазақ дзюдосындағы ең олжалы палуан. Ол 2019 бен 2022 жылы өткен әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеген. Ал 2015 жылы чемпион атанған.

Әлем чемпионатының жеңімпазы Олимпиада рейтингінде 2 мың, күміс жүлдегер 1400, ал екі қола жүлдегер 1000 ұпайдан алады. Абу-Дабидегі додадан кейін рейтинг түзіліп, Парижге баратын спортшылар анықталады.