Күрес түрлерінен Олимпиадаға іріктеу турнирі түгел аяқталды. Грек-рим күресінен Қазақстан командасының еншісінде Париж ойындарының төрт квотасы бар. Юрий Мельниченко шәкірттері Сербиядағы әлем чемпионатында 1, Бішкектегі Азия аймақтық жарысында 3 жолдамаға иелік етті. Өкінішке қарай, Стамбулдағы соңғы іріктеуде балуандарға квота бұйырған жоқ. Осы орайда, команда бас бапкері әлемдік бәсекелерді қорытындылап, екі салмақ мәселесін түсіндірді.

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы 67 және 97 келі салмақ дәрежелерінде жолдамасыз қалды. Бішкектегі іріктеу сынында Мейіржан Шермаханбет (67 келі) пен Олжас Сырлыбай (97 келі) квотаға таласса, Стамбулдағы бәсекеде Дін-Мұхаммед Қошқар мен Юсуф Мациев өз әлеуеттерін сынап көрді. Алайда, төрт балуан да Париж ойындарынан сырт қалып отыр.

«Бішкектегі Азия аймақтық іріктеу турниріне команданың бірінші нөмірлі спортшыларын жібердік. Олар Қазақстан чемпионатында топ жарған балуандар. Сол кезде біз құрлықтық турнирде жолдамасыз қалған жағдайда, әлемдік жарысқа баратын жігіттер тізімін де жасақтадық. Яғни, екінші нөмірлі спортшыларға мүмкіндік беретінімізді ескерттік.

Қырғызстан астанасында Мейіржан Шермаханбет белдесті. Ол Азиядағы үздік балуандардың бірі, өзбекстандық Аббос Атабековті жақсы жеңді. Бірақ жапондық балуаннан айла асыра алмады. Бұл салмақтағы жапондықтардың деңгейі өте жоғары. Мейіржан Азия ойындарында да Күншығыс елінің өкіліне есе жіберген еді. Бішкек төрінде тағы бір жапонға жол берді. Қарсыласының жауырынын жерге тигізбек болғанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Өкінішті», - деді бас бапкер.

Юрий Мельниченко әлем чемпионатында жүлде алып, Азия біріншілігінде топ жарған тәжірибелі Мейіржан Шермаханбетке неліктен тағы бір мүмкіндік бермегенін айтты.

«Егер Мейіржан Қазақстан чемпионатындағы басты қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп жүрсе, Стамбулдағы турнирге жіберуге болатын еді. Алайда, ол соңғы ел біріншілігінде өзінің негізі қарсыластары Алмат Кебіспаев пен Дін-Мұхаммед Қошқарды аз ұпай айырмашылығымен ұтты. Финалда, тіпті, Қошқардан ұтылып қала жаздады. Кілем сыртына шығып кеткені ғана жағдайды құтқарды. Сондықтан, бұған қатысты сұрақ болмауы керек. Стамбулдағы турнир қарсаңында Дін-Мұхаммед пен Алмат арасында тартысты белдесу өтіп, аздаған басымдықпен Қошқар жеңді. Осылайша, ол соңғы іріктеу сайысына әділетті түрде аттанды», - дейді команда жетекшісі.

Түркиядағы соңғы лицензиялық турнирде Қошқар да, Мациев те жеңіліс тапты. Десе де, бас бапкер екі жас балуанның аяқ алысы көңілге сенім ұялататынын жеткізді.

«Қошқардың әлемдік турнирде қола медаль алғаны – үлкен жетістік. Ол небары 21 жастағы спортшы. Бұл турнирде әлем және Олимпиада жүлдегерлерінен ғана жеңілді. Ал Стамбулдағы жарыстың құрамын Бішкектегі балуандармен салыстыра алмайсың. Саны көп, сапасы да басым. Қырғызстандағы құрлықтық жарысқа айтарлықтай мықты балуандар келген жоқ. Дін-Мұхаммед жасөспірімдер арасында жақсы көрініп, ересектер арасында өзін дәлелдей алған мықты балуан. Әлемдік турнирде алты кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, Өзбекстан, Румыния, Ресей және Қытай балуандарын ұтты. Жолдамаға бір қадам қалғанда ғана тоқтап отыр. Өте таланатты жігіт. Оған еш сұрағым жоқ. Мациев болса, 20-дағы спортшы. Азия чемпионатын сәтті өткізді. Іріктеу турниріне дейін жағдайы жақсарған соң, жарысқа қостық. Еуропалық спортшыдан ұтылды, қарсыласы да қола медаль алды. Бұл екі жігіттің болашағы зор, аталған турнир екеуіне де үлкен тәжірибе болды», - дейді Мельниченко.

Сөз соңында команда бас бапкері Олимпиадаға жолдама алған балуандардың Париж ойындарына қалай дайындалатынын айтты.

«Олимпиаданың басталуына аз уақыт қалды. Балуандарымыз өте тартысты турнирлерде белдесіп, қиын жолдардан өтті. Жазғы ойындарда көп нәрсе жеребеге байланысты болмақ. Қарсыластардың бір-біріне ыңғайлы немесе ыңғайсыз болуы көп нәрсені шешеді. Әрбір кездесу – алтынға тең. Біздің балуандар жолдаманы айқын басымлықпен жеңіп алған жоқ. Кемшіліктер бар. Солармен жұмыс істейміз. Алдымен Әзербайжан құрамасымен сырт елде бірлескен жаттығу жиыны өтеді. Ал ойын қарсаңында өзіміздің дәстүрге сай, орта тау деңгейінде дайындаламыз», - деді бас бапкер.

Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен төмендегі спортшылар сынға түседі:

Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі).

Париж Олимпиадасында балуандар бәсекесі 5-7 тамыз аралығында өтеді.