Dar Team жекпе-жек клубының бас бапкері Эдуард Базров команданың алдағы жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

«Dar team командасының басты мақсаты – UFC белбеуі. Біздің командамыздың екі өкілі UFC-де өнер көрсетеді. Олар – Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев. Шавкатқа белбеуді иеленуге бір қадам қалды. Осы жылы тағы бір табан жақындап, келесі жылы белбеуді Қазақстанға әкелетінімізге сенімдімін», - деді Базров.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов октагонға күзде оралатынын мәлімдеген еді. Ал Асу Алмабаев 15 маусымда UFC Fight Night турнирінде америкалық файтер Хосе Джонсонмен жекпе-жекке шығады. Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды мерзімінен бұрын жеңген болатын.

Алмабаев соңғы рет биыл 9 наурызда октагонға шығып, Майамиде (АҚШ, Флорида штаты) өткен UFC 299 турнирінде АҚШ өкілі Си Джей Вергараны төрешілердің шешімімен ұтты.