Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ярослава Шведованың шәкірттері бүгін А тобында Индонезия құрамасын 3:0 есебімен жеңді.

Алдымен Ева Корышева бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Наомиді тас-талқан қылды - 6:0, 6:0.

Ариана Гогулина Синклердің мысын басты - 6:4, 6:2.

Жұптық сында А Гогулина Альбина Кәкеновамен бірге командаға үшінші ұпайды әперді - 6:0, 6:2.

Қазақстан құрамасы 15 мамырда Жапониямен ойнайды. Осы матчта қай команданың А тобынан бірінші орынмен ширек финалға шығатыны белгілі болады. Жапониялықтар да Қазақстан секілді мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды.

Іріктеу турнирінде жартылай финалға шыққан төрт команда әлем чемпионатына барады.