Дзюдодан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев Ғалия Тынбаеваның жетістігін жоғары бағалады, деп жазады Olympic.kz.

«Биыл Ғалия Тынбаева қарқынын үдете түсті. Тбилисидегі Grand Slam турнирінде үшінші орын алды. Кейін Азия чемпионатында көзге түсіп, Астанада өте жақсы, саналы түрде күресті. Бұрынғыдай асығатыны да жоқ қазір.

Әрине, әлі де жетіле түсу керек. Командамыз өте жас. Жастар арасынан енді келген спортшылар көп, жұмыс та көп. Келесі маусымда жақсаратынымызға сенемін.

Команданы жаңартқанымызды тағы да айтқым келіп тұр. Біртіндеп резервтегі спортшыларды қосып жатырмыз. Олардың тәжірибе жиғаны біз үшін аса маңызды. Аруна Жангелдина иығын ауыртып, бұл сыннан сырт қалды. Әлем чемпионатына дейін қатарға қосылады деген үміт бар.

Камила Берілқашқа өзіміз демалыс бердік. Ол да әлем біріншілігіне дайындалуда. Аралық нәтижелер жаман емес. Алда жұмыс көп», - дейді әйелдер командасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев