Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлде алған Абылайхан Жұбаназар жарыстан соң әсерімен бөлісті.

«Бүгін мықты бабымда болдым деп айта алмаймын, бірақ бар күшімді салдым. Ең қиын белдесулерім жапон балуаны, төрт мәрте Grand Slam чемпионы Фудзивара Сотаро және Олимпиада жеңімпазы Хасан Халмурзаевпен болды. Амалын тауып, жеңіске жеттім.

Татамиге шыққан кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жанкүйерлеріміз өте мықты қолдау көрсетті. Душанбедегі Grand Slam турнирінен кейін өз еліміздегі сайыста бір деммен күресіп шықтым. Әр белдесу оңай болған жоқ», - деді Абылайхан Жұбаназар.