Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екі күннің қорытындысы бойынша үшінші орынға жайғасты.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар екі күнде 1 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды.

Турнирдегі алғашқы бестіктің тізімі:

1. Италия (1 алтын, 1 күміс, 2 қола),

2. Хорватия (1 алтын, 1 күміс),

3. Қазақстан (1 алтын, 3 қола),

4. Өзбекстан (1 алтын),

5. Португалия (1алтын).

Бүгін 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлде алған Абылайхан Жұбаназар жарыстан соң әсерімен бөлісті.

«Бүгін мықты бабымда болдым деп айта алмаймын, бірақ бар күшімді салдым. Ең қиын белдесулерім жапон балуаны, төрт мәрте Grand Slam чемпионы Фудзивара Сотаро және Олимпиада жеңімпазы Хасан Халмурзаевпен болды. Амалын тауып, жеңіске жеттім. Татамиге шыққан кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жанкүйерлеріміз өте мықты қолдау көрсетті. Душанбедегі Grand Slam турнирінен кейін өз еліміздегі сайыста бір деммен күресіп шықтым. Әр белдесу оңай болған жоқ», - деді Абылайхан Жұбаназар.

Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан әлемдік дода 12 мамырда мәресіне жетеді.