Дзюдодан Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарған Ғалия Тынбаева бүгінгі жарысты қорытындылап, қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Осы жарыстан медаль алайыншы деп тіледім. Көбірек дұға еттім. Қазақстанда өтіп жатқан соң, финалға шығып, алтын алсам дп армандадым. Бәрі сәтті аяқталды.

Бүгінгі қарсыластарымның бәрі де мықты. Ал финалдағы қарсыласым Сабина Гилязованы ерекше атап өткім келеді. Ташкенттегі турнирде де сол қыздан жеңілдім. Екеуміз өзара бірнеше рет кездестік. Бүгін, міне, жеңіс маған бұйырды.

Маған қолдау білдірген жанкүйерлерге, маған көмек қолын созған барлық жанға рахмет айтамын.

Бүгінгі жеңісімді ата-анама арнаймын. Қиындықта да, қуанышта да қасымда болған солар. Енді әлем чемпионатына дайындалып, сол жақта да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын», - деді Тынбаева.

Еске сала кетейік, Ғалия Тынбаева финалда Сабина Гилязованы (Ресей) жеңіп, қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Grand Slam жеңімпазы атанды.