Жеңіл атлетикадан Қазақстан командасының бас бапкері Дмитрий Карпов марафоншы Жанна Мамажанованың жолдамасына қатысты пікірін бөлісті. Olympic.kz сайтына сұхбат берген маман атлеттердің алдағы жоспарларына да тоқталды.

«Роттердамдағы марафонда Жанна олимпиада жолдамасын алады деп жоспарлаған едік. Әсәресе, оның әйелдер арасындағы марафоннан Қазақстан рекордын жаңартқаны қуантты. Айта кетелік, бұл жарыс әлемдегі топ-10 марафон қатарына енеді. Сол себепті, олимпиада нормативін орындаған соң, лицензия алғаныңды дәлелдеу қажет емес.

Соңғы жаттығу жиынын Жанна жеке жоспар бойынша Кенияда өткізді. Сонымен қатар, ол тікелей норматив орындаған ұлттық құрамадағы алғашқы спортшы. Қазір Қазақстан құрамасы Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Алда олимпиада нормативтерін орындау үшін түрлі халықаралық және елішілік жарыстарға қатысады.

21 сәуір күні Анталияда спорттық жүрістен командалық әлем чемпионаты өтеді. Аталған сында біздің спортшылар 20 шақырымға жарысудан және аралас эстафетадан сынға түседі. Сол жарыста да олимпиада лицензиясына қол жеткіземіз деген жоспар бар.

Алда біздің спортшыларды лицензиялық жарыстар күтіп тұр. Атап айтар болсақ, Елизавета Матвеева мен Аделина Земс 20 сәуір күні Кениядағы турнирге қатысады. Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова 7-8 мамыр күндері өтетін биіктікке секіруден халықаралық бәсекеде бақ сынайды. Бұл турнирлер Катар мен Германияда өтеді.

Жеңіл атлетикадан олимпиада нормативін орындайтын жарыстар:

23 сәуір – марафоннан олимпиада нормативін орындайтын соңғы жарыс;

Сәуір және мамыр айларында эстафетадан олимпиада нормативі орындалады;

30 маусымда іріктеу және рейтингілік турнирлердің барлығы аяқталады.

Ұлттық құрама мүшелерінің олимпиада нормативін орындайтын жарыстарға қатысатын толық мүмкіндігі бар. Жанна Мамажанованы олимпиадалық нормативті орындауымен тағы да құттықтаймын», - деді Карпов.