Токио қаласында Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу матчында Жапония 2:0 есебімен алға шықты.

Бүгін екінші болып «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионы Наоми Осака мен Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, соның үшеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді.Сәбилі болуына байланысты үзілістен кейін кортқа қайта оралған Осака қазіргі кезде әлемдік рейтингіде 193-орында тұр.

Бұл жолы бірінші партияда Осака екі брейкке қол жеткізді – 6:2.

Екінші сетте жапониялық теннисші тай-брейкте матчболын құр жіберген жоқ – 7:6 (7:5).

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Осаканың 15 эйс жасауы оның жеңіске жетуін оңайлатты. Сондай-ақ ол 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Путинцева 4 эйс жасағанымен, 3 брейк-пойнтты мүлт жіберді.