Қазақстандық Бейбіт Жұқаев жұптық сында Моролес (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші швейцариялық Антуан Бельемен бірге бастапқы кездесуін сәтті өткізді.

Қазақстандық-швейцариялық дуэт алғашқы айналымда америкалықтар Райан Сеггерман – Патрик Трхацпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда тай-брейкте Жұқаев – Белье сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Екіншісінде америкалық жұп есе қайырды – 7:6 (7:4).

Супер тай-брейкте Жұқаев – Белье жеңісті жұлып алды – 12:10. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде екеуі 10 эйспен көзге түсті. Америкалықтар 8 эйспен жауап қайырды. Бұл матчта брейк тіркелген жоқ.

Бейбіт Жұқаев – Антуан Бельенің ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Қазақстандық теннисші жекелей сында америкалық Кристиан Лангмоны жеңсе, ширек финалға жолдама алады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 236-ракеткасы Дмитрий Попко Сарасоте (АҚШ) челленджер жарысында алғашқы кездесуінде турнирдің бірінші ракеткасын ұтқанымен, сол жеңісті жолын жалғастыра алмады. Ол екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 284-орында тұрған тағы бір америкалық Теннис Сандгреннен жеңіліс тапты – 2:6, 6:1, 2:6.