Dar Team командасының жетекшісі Бауыржан Уталиев қазақстандық файтерлер Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі жекпе-жегі қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

- Cауд Арабиясында UFC турнирі өтетіні хабарланды, жекпе-жекке шығатын жұптардың көбі анықталды. Қазақстандық бірнеше файтер бұл турнирдің көркін қыздырар еді. Асу мен Шавкатқа ұсыныс келді ме?

- Шамамен жоспар бар. Абу-Дабиде турнир қашан болады, 3 тамызда ма? Асу одан ертерек жекпе-жек өткізуі мүмкін. Ал Шавкаттың жекпе-жегі кейінірек болады, біз Сауд Арабиясында болатын (22 маусымда) турнирге үлгермейміз. Асуға Абу-Дабиде жұдырықтасу туралы ұсыныс түскен, бірақ ол одан ертерек жекпе-жекке шығуы мүмкін. Қарсыласын кейінірек білесіздер, – деді Уталиев.

Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың желтоқсан айында америкалық файтер Стивен Томпсонға қарсы өткізіп, қарсыласын екінші раундта жеңген еді.

Ал Асу Алмабаев биыл наурызда Майамиде өткен UFC 299 турнирі аясында АҚШ өкілі Си Джей Вергараны төрешілердің шешімімен ұтты.