Бүгін Париж-2024 Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов пен орынбасары Диас Ахметшәріп Шымкент қаласындағы спортшылардың төртжылдық додаға дайындық барысымен танысты.

Кездесу барысында көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова штаб өкілдеріне шәкірттерінің Олимпиадаға қалай дайындалып жатқанын баяндап берді.

«Алда лицензиялық Азия чемпионаты келе жатыр. Онда бір жолдамаға Қазақстан, Қытай және Жапония спортшылары таласады. Сондықтан біздің спортшыларымызға артылған міндет ауыр. Қазіргі таңда лицензиялық турнирге баратын спортшыларымыз өз жоспарлары бойынша дайындалып жатыр. Олимпиада жолдамасына екі спортшымыз таласады. Оның бірі Эльжана Таниева және Айбота Ертайқызы. Біз лицензия алуға бар күшімізді саламыз», - деді бас бапкер Әлия Мақсұтқызы кездесу барысында.

Сонымен қатар Әлия Юсупова Болгария астанасы Софияда өткен көркем гимнастикадан халықаралық турнирде қазақстандық Эрика Жайлауова қола жүлдегер атанғанын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, осыдан бірер күн біздің команда бұрын Болгария астанасы Софияда өткен көркем гимнастикадан халықаралық турнирге қатысып келді. Арасында Эрика Жайлауова қола жүлдегер атанды. Одан бөлек, командалық сында тағы да шәкірттерім жеңіс тұғырынан көрінді. Болгариядағы жарыста Айым Мейіржанова сынды жас спортшымыз да сынға түсті. Ол ересектер қатарына осы маусымда қосылды. Соған қарамастан, үлкен спорттағы қадамын нық басып келеді. Софиядағы турнирде көпсайыстан төртінші орынға табан тіреді. Жалпы спортшыларымыздың деңгейі өсіп келеді. Біз барлық қолдан келген мүмкіндікті жасап жатырмыз», - дейді бас бапкер Әлия Мақсұтқызы.