Болгария астанасы Софияда өткен көркем гимнастикадан халықаралық турнирде қазақстандық Эрика Жайлауова қола жүлдегер атанды. Турнирді қорытындылаған бас бапкер Әлия Юсупова спортшының аяқ алысына жақсы баға берді, деп хабарлайды Olympic.kz.

- Бұл, әрине, әлем кубогі емес. Десе де, Софиядағы турнирге үздік гимнастар жиналды. Боряна Колейн, Эльвира Краснабаева сынды әлем мықтыларымен бір қатарда тұру - үлкен еңбек. Эрика Жайлауова жақсы өнер көрсетті. Одан бөлек, командалық сындағы жүлдеміз де бар.

Болгариядағы жарыста Айым Мейіржанова сынды жас спортшымыз да сынға түсті. Ол ересектер қатарына осы маусымда қосылды. Соған қарамастан, үлкен спорттағы қадамын нық басып келеді. Софиядағы турнирде көпсайыстан төртінші орынға табан тіреді, - деді Әлия Мақсұтқызы.