Футбол жанкүйерлері «Заглембе» клубының бапкері, белорусьтік маман Александр Хацкевичті соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Тараған ақпаратқа байланысты, бір топ адам польшалық клубтың жаттығу базасына басып кірген. Олар Александр Хацкевичтің бетінен ұрып, аяқпен бірнеше соққы жасағаны айтылды.

Алайда Хацкевичтің агенті Вадим Шаблий бапкердің соққыға жығылғанын жоққа шығарды.

«Хатцкевичті ешкім ұрған жоқ, тек оған түсініксіз адамдар, бұзақылар қоқан-лоққы жасады. Біздің агенттік Александр Хатцкевичті заң жүзінде және келісімшарт бойынша қорғайды. Оны ешкім жұмыстан шығармайды.

Александр Николаевич «Заглембеден» өзі кеткісі келеді, өйткені командада тәртіпсіздік боп жатыр», — деді Шаблий ukrfootball.ua сайтына берген сұхбатында.

«Заглембе» клубының баспасөз қызметі белгісіз адамдардың жаттығу базасына келгенін растады.