Астанада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

10-11 жастағы өрендер бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден 16 команда қатысады.

Оның ішінде мәскеулік «Спартак» және ташкенттік «Бунеткор» сияқты айтулы футбол академияларының шәкірттері бар. Күні кеше бас жүлдені сарапқа салатын командалар елордаға жиналып, жарыс алдындағы дайындықты бастады.

Айта кету керек, бұндай форматтағы жарыс елімізде алғаш өткізіліп тұр. Бұл ең алдымен өскелең толқынның кәсіпқой тұрғыда қалыптасып, шеберлігін шыңдай түсуге көмектеседі.

Басқа жағынан, балалар футболының басы-қасында жүрген мамандардың өзара тәжірбие алмасуына керемет мүмкіндік болмақ. Байрақты бәсекені ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты осы.