Еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы және Олимпиада ойындарының қатысушысы Дәулет Ниязбеков Бішкектегі лицензиялық турнирге қатысатын балуандарға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Күрес түрлерінен Азия аймақтық лицензиялық турнир 19-21 сәуір күндері Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді.

"Олимпиадаға іріктеу турниріне негізінен тәжірибелі балуандар бара жатыр. Нұрғожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаевтар талай жарысты көрген, тіпті, Олимпиадаға қатысқан жігіттер. Сондықтан, олардың тәжірибесі мен шеберлігі жақсы көмек болады деп ойлаймын.

Ал екі салмақта жас балуандарға сенім артамыз. Өзім кезінде белдескен 65 келіде бәсекелестік өте жоғары. Үндістан мен Жапониядан өте мықты спортшылар келмек. Десе де, жастардан да үміт күтемін. Бәрінің жолына сеніммен қарап отырмыз.

Париж Олимпиадасына барлығы да жолдама алсын деген тілегім бар", - деді Дәулет Ниязбеков.

Бішкектегі іріктеу турнирінде еркін күрестен төмендегі балуандар сынға түседі:

57 келі: Ерасыл Мұхтарұлы

65 келі: Майис Әлиев

74 келі: Нұрғожа Қайпанов

97 келі: Әлішер Ерғали

125 келі: Юсуп Батырмұрзаев