Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турниріне қатысушылардың тізіміне енді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Штутгарт қаласында 15-21 сәуірде өтетін байрақты бәсекеде қазақстандық теннисші төртінші ракетка болып тіркелді.

Айтулы додада әлемнің үздік үштігіне енетін Польша өкілі Ига Швентек, Белорусь теннисшісі Арина Соболенко және америкалық Кори Гауфф бақ сынайды.

Әзірге Қазақстанның маңдайалды теннисшісі Майами WTA 1000 жарысындағы алғашқы ойынына дайындалуда. Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 91-орында тұрған даниялық Клара Таусонмен кездеседі. Бұл ойын 21 наурызға белгіленген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің жұптық сында Испаниядағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирінің ширек финалына шықты.