Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандық балуан Мұхамбет Қуатбектің өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

"2024 жылғы 19 наурызда Нью-Йорк қаласының консулдығына Филадельфия қаласында Қазақстан азаматы қайтыс болғаны жайлы ақпарат келіп түсті. Отандасымыздың денесі 16 наурызда Филадельфиядағы мәйітханаға жеткізілді.

Филадельфия қаласының сот-медициналық кеңсесінің мәліметі бойынша өлім жүректің тоқтап қалуынан болған. Нақты ақпаратты күтіп отырмыз. Қазақстанның консулы қайтыс болған азаматымыздың туыстарымен байланыста.

Қазіргі уақытта спортшының денесін Қазақстанға жеткізу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр", – деді Айбек Смадияров.

Еске салайық, еркін күрестен 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбек көз жұмды. Ол жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері болған.