2014 жылы Жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы олимпиада ойындарында чемпион атанған қазақстандық еркін күрес балуаны Мұхамбет Қуатбек 27 жасында АҚШ-та белгісіз жағдайда дүниеден өтті.

27 жастағы спортшы жасөспірімдер арасында биік белестерді бағындырып үлгерген болатын. Ол 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Ал соңғы жылдары Мұхамбет Америкада тұрған.

Танымал спортшының қазасы туралы белгілі спорт журналисі Данияр Кәрімжан мәлімдеді.

«Мұхамбет балуан 16 наурыз күні АҚШ-та көз жұмды. Ол соңғы екі жылда Филадельфияда тұрған. Оның неден қайтыс болғаны белгісіз. Қазіргі таңда балуанның денесін елге әкелу мәселесімен елшілік айналысып жатыр», — деді журналист Данияр Кәрімжан.

Артынша бұл қаралы хабарды Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов та ресми түрде растады.