Наурыздың 21-нен 22-не қараған түні қазақ футболы жанкүйерлерінің ұйықтап қалуға ешбір құқы жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасы бұрын болмаған тарихи сәттің алдында тұр. Афиныда Грекияға қарсы команда маңызды матч өткізеді. Жеңсе жазда Германияда өтетін Еуропа чемпионатына бір қадам жақындайды. Бір қадам, бір ғана матч... Ол асуды да бағындырса «қарт құрлықтың» үздік 24 командасының қатарына қосылады.

Көзі қарақты жанкүйер гректердің Еуропа чемпионатының тарихындағы ең үлкен сенсацияның авторы екенін жақсы біледі. 2004 жылы Португалия елінде қақпашы Антониос Никополидис, жоқ жерден қақпадан саңылау табатын Ангелос Харистеас секілді мықтылары бар Грекия құрлық біріншілігінде топ жарды. Сол жетістіктен соң Грекия ірі додаларда жарытып жетістікке жетпеді. Соңғы рет 2014 жылы Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалдан тоқтады.

Қазір Грекия құрамасында атынан ат үркетін, қарсы ойнағанда аяқ дірілдейтін, алып клубта көшбасшы болып жүрген футболшы жоқ. «Ливерпульдегі» қорғаушы Костас Цимикасты айтуға болады. Дегенмен, соңғы кезде ғана жарақатынан айыққан 27 жастағы футболшы Юрген Клопптың сенімін әлі ақтаған емес. «Вест Хэмдегі» орталық қорғаушы Константинос Мавропанос соңғы кезде негізгі құрамнан мықтап орын алды.

Константинос Цимикас

Қазақстан футболшыларының басты мақсаты - АЗ Алкмаар шабуылшысы Вангелис Павлидисті тұсап ұстау. Бұл жігіт Нидерланды чемпионатында 23 гол соққан. Турнирдің үздік сұрмергені. Трансферлік бағасы - 22 миллион еуро. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстан құрамасының барлық футболшының бағасын қосқанда 21 миллион еуро шығады екен. Қорқынышты, әрине. Бірақ, бір жыл бұрын Данияны 3:2 есебімен ұтқан кезде, құрамында 70 миллион еуро деген бағасы бар Расмус Хейлунн ойнаған. Екі гол соғып кетті-ақ. Қазақстан үш доппен жауап қатты. Бір футболшы емес, команда жеңеді деген қағиданы естен шығаруға болмас.

Нұралы Әліп пен Бактиер Зайнутдинов

Магомед Әдиев Нұралы Әліпті кіммен алмастырамын деген сұраққа бас қатырары анық. Шешімін әлі айтпады. Түрікменстанмен жолдастық матчтың жабық түрде өткені де қарсыласқа бар көзірді ашпайын дегені шығар. Түркияда бақ сынап жүрген Бактиер Зайнутдинов қорғаныста ойнап үйреніп алды ғой. Тіпті, орталық қорғаныста. Баханы алғашқы минуттардан Нұралы Әліптің орнына қойып, алда-жалда іс насырға шапса ғана шабуылға жіберсе болатын секілді көрінеді. Әйтсе де, екі жылдан бері Қазақстан құрамасын баптап, әр футболшының шамасын жақсы білетін Әдиевтің тапқырлығына сенеміз.

Афины қаласындағы құшағына 30 мың жанкүйер сыйғызып жіберетін стадион матч бойы өз құрамасына күш беріп, қазақстандық футболшылар үшін «тозақ оты» болады дейді мамандар. Алғашқы 15-20 минутта Шацкий қақпасы голдан аман қалса, кейін гректердің де білгеннен жаңылары бек мүмкін. Тас бекінген қорғаныстың қамалын алу Грекия құрамасы үшін оңай емес. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде 8 матчта 14 гол соғыпты. Бір қарағанда тәп-тәуір нәтиже. Бірақ, оның 8-ін Еуропада ең әлсіз құрама саналатын Гибралтар қақпасына тоғытқанын ескерсек, статистиканың қорғынышты емес екенін анық аңғаруға болады.

Афины қаласындағы «Айя-София» стадионы

Бақ пен бап қатар шауып, Грекияда жеңіске жетсек, Грузия - Люксембург матчының жеңіпазымен кездесеміз. Кейін, Еуропа чемпионаты... Барша қазақ жанкүйерінің арманы қол созым жерде тұр. Үлкен сенім бар. Қорқыныштан гөрі, үміт басым секілді. Соңғы екі жылда Қазақстан құрамасы өзіңе деген сенімді оятты. Мақтанышқа айналды. Ертегі көрінген нәтижені шындыққа айналдырды.

Qazsport телеарнасы Грекия – Қазақстан матчын тікелей трансляциялауды жоспарлап отыр. Матч 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні Қазақстан уақытымен 00:45-те басталады.