Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирден кейінгі жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты KAZINFORM-ға сілтеме жасап.

«Осыған дейінгі басты мақсатымыз, арманымыз Париж Олимпиадасына толық құрамда жолдама алу болатын. Міне, сол жоспардың 90 пайызы орындалды. Тек 63,5 келі салмақта жолдама жоқ. Бұйырса оны да аламыз деген ниеттеміз. Ендігі басты мақсат – Париж төрінде медальға қол жеткізу. Еліміздің туын жеңіс тұғырында желбірету», - деді Мырзағали Айтжанов KAZINFORM тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар Айтжанов жолдамаға қол жеткізген боксшылар елге оралған соң екі апта демалып, ары қарай арнайы бағдарлама бойынша Олимпиадаға дайындықты бастайтынын айтты.

«Лицензиялық турнирде барлық боксшыларымыз аянып қалған жоқ. Соның нәтижесінде бес боксшымыз жолдамаға қол жеткізді. Жарыс барысында бірі мұрынын, бірі қабағын жарып алса, ал тағы біреуі қолын, буынын ауыртып алған. Боксшыларымызға осындай кішігірім жарақаттарын толық қалпына келтіріп, демалып алғанша екі апта демалыс береміз. Ары қарай жоспар бойынша белгіленген арнайы оқу-жаттығу жиындары басталады», - деді бапкер.