Қазақстандық Гөзал Айнитдинова жұптық сында Қарағандыда өтіп жатқан ITF турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Г.Айнитдинова мен ресейлік Екатерина Казионова алдымен тартысты бәсекеде қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова – Сандуғаш Кенжебаеваны жолдан тайдырды – 2:6, 7:6, 10:8.

Айнитдинова – Казионова ширек финалдағы матчы бұдан да тартысты болды. Олар тағы бір қазақстандық Жанель Рүстемова – ресейлік Елизавета Шебекинаның әрең дегенде мысын басты – 7:6 (7:4), 6:7 (5:7), 12:10.

Гөзал Айнитдинова – Екатерина Казионова финалға шығу үшін ресейлік Виктория Михайлова – украиналық Анастасия Поплавскаямен шеберлік таластырады. Осы додада жекелей сында қазақстандықтардан әлемнің 495-ракеткасы Жібек Құламбаева ғана сәтті өнер көрсетіп келеді.

Ол алғашқы айналымда румыниялық Александра Иордачені оңай ұтты – 6:2, 6:2. Содан кейін С.Кенжебаеваның келмеуіне байланысты ойнамастан ширек финалға жолдама алды.

Жібек рейтингіде 835-сатыдағы франциялық Ярослава Барташевичпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Қазіргі кезде 23 жастағы Ж.Құламбаева WTA Live рейтингісінде 466-орынға көтеріліп тұр.