Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев УЕФА Ұлттар лигасының шешуші плей-офф матчтарына «Қайрат» ойыншыларының шақырылғаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Данил Устименко туралы:

«Даняның келгенін қаладым. Ол – біздің болашағымыз екенін бәріміз түсінеміз. Қателер жасаса да, ақырын алға жылжып келеді. Жас қақпашы қате жіберуі керек. «Ертең» ол қақпашы позициясын жабады деп үміттенеміз».

Әділет Садыбеков туралы:

«Адик әрқашан ұнайтын. Мұны Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасында дебют жасаған кезде көрсеттім. Үлкен ойындарға дайын емес екені анық. Әлі жас. Бірақ оның Қысқы РПЛ Кубогындағы және Премьер-лиганың бірінші турындағы ойындарын көрдім. Оның ойынын жіті бақылаймын. Меніңше, физикалық тұрғыдан біршама күшейді. Әсіресе допсыз ойнайтынын бағалаймын. Ол осы позицияны қалай ұстау керегін біледі. Кейде бапкерлер штабы оны жоғарырақ ойна деген талап қояды. Бірақ маған «алтылық» болып ойнайтыны ұнайды. Оған қоса, қазір бізде нағыз тіреуіш жартылай қорғаушылар жоқ. Осы аймақта ойнай алатын адамдар керек».