Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін лицензиялық турнирге Қытай ұлттық құрамасының атынан қандасымыз Данабек Байғазы да қатысады.

Қытайлық басылымдардың мәліметіне сүйенсек, Данабек ұлттық құраманың капитаны ретінде таңдалып, жолдамаға басты үміткер боксшыларының бірі ретінде аттанған.

Қандасымыз қазіргі таңда Қытайдың ұлттық құрамасында аса ауыр салмақта (+92 кг) сынға түсіп жүр. Аталған турнирде жалпы Қытайдан 6 боксшы жолдамаға таласады.

Айта кетсек, өткен жылы Данабек Байғазы Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жетсе, Ханчжоуда (Қытай) өткен Жазғы Азия ойындарында жолдамаға сынық сүйем жетпей сүрінген болатын. Нақтырақ айтсақ, ширек финалда ол Моңғолия атынан сынға түскен Бекнұр Халиге қарсы жұдырықтасып, оны екінші раундта үш рет нокдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Өкінішке қарай, жартылай финалда сүрініп, жолдамадан тыс қалған еді. Ханчжоуда финалға шыққан боксшыларға ғана Париж олимпиадасының жолдамасы бұйырған болатын.

Есесіне бұл сында тағы бір қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан Азия ойындарының чемпионы атанып, жолдаманы да қанжығасына байлады.

Егер, Италияда Данабек Байғазы жолдамаға қол жеткізсе, қытай қазақтары арасынан Олимпиадаға тұңғыш рет екі қазақ боксшы қатар қатысатын болады.