Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнир қарсаңында Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізуде, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға 80-ге жуық боксшы қатысуда. Италияға аттанатын алты боксшыдан бөлек, Ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары бар.

«Жігіттердің дайындығы жақсы. Басты акцентті лицензиялық турнир алдында боксшылардың тактикалық және техникалық дайындықтарына қойып жатырмыз. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалуда. Енді 29 ақпан күні Италияға ұшамыз», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Айта кетейік, Апеннин түбегіндегі турнирге 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Сабырхан Махмұд, 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай және 92 келіде Айбек Оралбай қатысады.