Төртжылдықтың басты бәсекесі Париж Олимпиадасы күн санап жақындап келеді. Бұған дейін дүбірлі додаға жолдама жеңіп алған спортшылар дайындығын пысықтап, қызу жаттығу жасаса, жолдамаға қол жеткізе алмағандар іріктеу турнирлеріне дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ боксшылары арасында ерлер құрамасынан Париж Олимпиадасына алғашқы жолдаманы +92 келі салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев қана жеңіп алған болатын. Ол бұл мүмкіндікке өткен жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында қол жеткізді.

Қамшыбек Олимпиада ойындарында екінші мәрте ел намысын қорғайды. Ол бірінші рет Токио Олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алған еді.

Енді Қоңқабаевтың осы уақытқа дейін қандай жетістіктерге қол жеткізгеніне қысқаша шолу жасап көрейік.

Аса ауыр салмақта ел намысын сынап жүрген саңлағымыз 1991 жылы 18 қараша күні Қызылордада дүниеге келген.

Жетістіктері:

Токио Олимпиадасының қола жүлдегеріӘлем чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері (2017, 2019)Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері (2022)Азия чемпионатының 4 мәрте күміс жүлдегері

Қамшыбек Қоңқабаев — +92 келі салмақта 2 мәрте Олимпиадада бақ сынайтын үшінші қазақстандық боксшы.

Тәжірибелі спортшыны 2006 жылдан бері Сейітжан Төкенов жаттықтырады. Қамшыбектің жеке бапкері шәкіртін әлі күнге сындарлы сайыстарда шыңдап, жарыстарға баптап жүр.

«Мен алдағы лицензиялық турнирлерге бармасам да, Ұлттық құрмадағы боксшылармен бірге дайындалып, бірге жаттығып, біріккен оқу-жиындарында жүрмін. Менде қазір жалғыз ғана мақсат бар – ол Париж Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды желбірету. Сол үшін күндіз-түні тынбай жаттығып, дүбірлі додаға жақсы дайындықпен баруым керек. Бұйырса, жүлде аламын деп ойлаймын», - дейді боксшы.

Шәкірті туралы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та пікір білдіріп, Қоңқабаевқа үміт артып отырғанын жасырмады.

«Ол - Токиода Олимпиаданың қола медалін жеңіп алған боксшы. Бірінші Олимпиадасы емес. Тәжірибелі сақа спортшыларымыздың бірі. Енді, міне екінші Олимпиадасына баруға «билеті» дайын, қолында тұр. Төрт жыл бұрынғы жетістігін жақсартып, Парижде алтын алуды көздеп отыр. Оған спортшының әлеуеті жетеді», - деді М.Айтжанов.