Бүгін Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан XI Азия чемпионатында ел қоржынына үш медаль түсті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтсақ, бүгін суға секіру жарысының алғашқы жүлделері сарапқа салынды.

Синхронды секіру бағдарламасында 19 жастағы Диана Жұмағұлова мен 16 жасар Анабелла Кочкина 187,53 ұпай еншілеп күміс жүлдеге ие болды.

Фото: Спорт комитеті

Ал 50 метрге шалқалай жүзуде отандасымыз Ксения Игнатова мәреге 28.94 секунд уақыт көрсеткішімен бірінші болып жетіп, XI Азия чемпионы атанды.

Бұл сында екінші орынға Қытайдың Тайпейінен келген спортшы ие болса, үздік үшінші орынға Таиланд елінің өкілі иелік етті.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 100 метрге брасс әдісімен жүзуден жерлесіміз Аделаида Пчелинцева чемпион атанған болатын.

Жарысқа 45 мемлекеттен 12-18 жас аралығындағы жас спортшылар мен ересектер қатысып жатыр.

Азия чемпионаты 26 ақпан мен 9 наурыз аралығында өтеді.