Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші турында Түркістанның «Тұраны» «Жетісу» командасымен шеберлік байқасты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» осы тур барысында қатарынан екі рет жеңіске жетіп, турнир кестесінде үшінші сатыға көтерілген еді.

Бұл жолы «Жетісу» клубына Асқар Шалқыбековтің шәкірттері кедергі қойды. Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова бастаған түркістандық қыздар аса тартысты матчта азулы қарсыласын 3:2 (22:25, 25:22, 27:25, 21:25, 15:13) есебімен тізе бүктірді.

Осы ойыннан кейін 49 ұпай жинаған «Тұран» бұрынғыша екінші орынды ұстап тұр.

Плей-офф бәсекесіне 8 команда жолдама алатынын ескерсек, «Қуаныш» (СҚО), «Тұран», «Жетісу», «Берел» (ШҚО), «Алматы» және «Ертіс» (Павлодар) командалары бұл мәселені шешіп қойды. Қалған екі орынға «Қарағанды», «Алтай» (ШҚО) және «Айқаракөз» (Талдықорған) таласуда. Бүгін қарағандылықтар «Айқаракөзді» 3:1 (23:25, 25:17, 25:23, 25:22) жеңіп, 12 ұпаймен 7-сатыға орныға түсті.