«Реал Мадрид» жартылай қорғаушысы Тони Кроос Германия құрамасына қайту туралы шешімді алдағы апталарда қабылдайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі The Athletic басылымына сілтеме жасап.

Егер 34 жастағы неміс 2024 жылғы Еуропа чемпионатына қатысу туралы шешім қабылдаса, ұлттық құраманың бас бапкері Юлиан Нагельсманн оны наурызда Франция және Нидерланды құрамаларына қарсы өтетін жолдастық кездесуге шақырады. Егер Кроос бас тартса, ол енді ұлттық құрамаға шақырту алмайды.

Кроос 2021 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін Германия құрамасындағы карьерасын аяқтаған. Сол турнирде немістер 1/8 финалға дейін жетіп, Англия құрамасынан жеңіліп қалған еді. Кроос төрт матч өткізді, бірақ нәтижелі әрекеттермен көзге түсе алмады.

Жалпы, Кроос ұлттық құрама сапында 106 матч өткізіп, 17 гол соғып, 15 нәтижелі пас берді.

Ұлттық құрамамен бірге Тони 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатын жеңіп алған болатын.