Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик рекордық көрсеткішке қол жеткізді,деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші 23-тен 21-орынға көтерілді. Бұл – оның әлемдік рейтингідегі ең үздік нәтижесі

Сондай-ақ Александр Шевченко 57-ден бірден 45-ке шықты.

Манама (Бахрейн) челленджер жарысының жеңімпазы атанған Михаил Кукушкин 231-ден 163-ке жоғарылап, еліміздің үшінші ракеткасы атанды.

Денис Евсеев 178-ден 179-ға, Бейбіт Жұқаев 189-дан 192-ге, Тимофей Скатов 276-дан 277-ге сырғыды.

Әлемдік рейтингінің алғашқы үштігінде де өзгерістер болды. Аустралия ашық чемпионатына қоса Роттердам ATP 500 турнирінде қарсылас шыдатпаған италиялық Янник Синнер ресейлік Даниил Медведевті төртінші сатыға сырғытты. Сербиялық Новак Джокович бұрынғыша бірінші, испаниялық Карлос Алькарас екінші орында.

Қазақстанның үздік теннисшілері А.Бублик пен А.Шевченко осы аптада Доха ATP 250 додасында бақ сынайды.

Шевченко алғашқы айналымда тәжірибелі франциялық спортшы Ришар Гаскемен кездеседі. Р.Гаскені Манама финалында М.Кукушкин жеңген еді.

Бублик жарысты екінші айналымнан бастап, мажарстандық Мартон Фучович немесе испаниялық Роберто Баутиста-Агуттың қай жеңгенімен жолығады.

Егер Дохада қазақстандық теннисшілер сәтті өнер көрсетсе, рейтингілерін жақсартары анық.