Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жұман Жұмабеков бразилиялық файтер Вандерлей Ферейрамен ерегесіп қалды.

Екі файтер арасындағы жанжал жаттығу кезінде болған.

"NAIZA 57 турнирінде Жұман Жұмабековке қарсылас ретінде кімді ұсынатынымызды білетін сияқтымыз. Біздің жауынгер мен ALASH PRIDE чемпионы, бразилиялық файтер Вандерлей Ферейра арасында жанжал туды", – делінген Saq Pro Team клубының Instagram-дағы жазбасында.

Жұман Instagram-дағы ресми парақшасында осы жағдайға қатысты пікірін айтты.

"Жігіттер залға спарринг жасауға келген екен. Менің артымдағы інішекпен. Сол жігітпен қатты жұмыс істей бастады. Мен шыдамай араласып кеттім. Спарринг емес, өзі төбелесіп кеткеннен кейін араластым. Өз жерінде, өз елінде қожайын болсын. Бізде емес. Сыйласа білгенді сыйлайтын халықпыз. Зияным тиген жоқ, тек түсіндірдім", – деді Жұман.